Ақтөбе облысының емханалары жаңа жедел жәрдем көліктерімен толықты.

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі  Оңдасын Оразалин өңірдегі  жұқпалы аурулардың, оның  ішінде COVID-19 коронавирустық инфекциясының өршуіне қарсы тұруға дайындық деңгейін жоғарылату  мақсатында облыстағы  19  медициналық мекемеге жедел жәрдем көлігінің кілтін табыстады.  Соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз  етілген жедел жәрдем көліктері  Ақтөбе қалалық #1,2,3,4, емханалары мен Қобда, Алға, Мұғалжар, Ырғыз, Байғанин, Хромтау, Ойыл, Шалқар, Ембі, Темір аудандық ауруханаларына берілді.Аймақ басшысы  сапалы денсаулық сақтау   ел әл-ауқатының негізгі көрсеткіштерінің бірі екенін жеткізе отырып,  жергілікті ақ халаттыларға алғыс білдірді.“Халыққа шұғыл медициналық көмек көрсетудің негізгі бағыттарының бірі - жедел медициналық көмек. Науқастардың өмірін арашалауға  алғаш болып  жедел- жәрдем бригадасы  келеді, ал науқастардың тағдыры дәрігерлердің әрекеттеріне, жабдыққа, соның ішінде көлікке байланысты. Пандемия  кезінде азаматтарға  аянбай көмек көрсеткендеріңіз  үшін алғыс білдіремін”,- деді Оңдасын Оразалин. 10 мың халқы бар елдімекенде 1 жедел жәрдем көліктің болуы міндетті деп көрсетілген Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен стандартқа сәйкес Ақтөбе облысында бұл шаралар белсенді жүзеге асырылып отыр. Жыл басынан бері 22 жедел- жәрдем  көлігі сатып алынса,  қазан айының соңына дейін тағы да 22 медециналық көлік алынады.Нәтижесінде, аймақтағы жаңа жедел-жәрдем көліктерінің  саны 63- ті құрайды. Табысталған 19 көліктің іші қажетті  медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Онда өкпеге жасанды ауа беру аппаратынан бастап  дефибриллятор, электрокардиограф, монитор,  электроотсос жабдықтары орнатылған.