Коронавирус індетіне байланысты 

Коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық жағдай облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің бақылауында. Өңірде коронавирус індеті мен пневмонияның жаңа жағдайлары анықталған жоқ. Осы аптада барлық провизорлық стационар жабылды. Тек жұқпалы аурулар ауруханасы ғана жұмыс істеп тұр. Бұған қоса күзгі толқынға дайындық шаралары жүріп жатыр. «3588 төсек-орын дайындалып қойды. Олар екі санатқа бөлінетін болады. Ақтөбе медицина орталығы мен фтизиопульмонологиялық орталық сияқты бірінші санаттағы мекемелерде 1040 төсек-орын, екінші санаттағы стационарларда 2548 төсек-орын қарастырылған. 305 реанимациялық кереует ашу жоспарда бар»,- деп баяндады облыс әкімінің орынбасары Нұржауған Қалауов. Медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылып жатыр. Қазан айында 187 өкпені жасанды желдету аппараты жеткізіледі деп күтіліп отыр. Тағы бір компьютер томографы, 13 стационарлық рентген аппараты, екі жылжымалы рентген аппараты, автономды оттегі стансасы мен екі жылжымалы медициналық кешен, сонымен қатар басқа да құрал-жабдықтар сатып алынады. Айта кетейік, 1547 төсек орынның 1438-і оттегімен, үш стационар орталықтандырылған оттегімен қамтамасыз етілген. Өңірдегі стационарлардың автопаркі 41 машинамен толығады. Бұдан бұрын жеті жедел жәрдем көлігі сатып алынған болатын. Стационарлар мен провизорларда дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс заттарының қажетті қоры бар. Кадр мәселесі қалалық емханалардың, ауруханалардың қызметкерлері мен М.Оспанов атындағы БҚМУ-дің профессор-оқытушылар құрамы есебінен шешілмек. 37 бақылау тобы карантин тәртібін бұзған 827 жағдайды анықтап, 699 материал қаралды. Барлығы 55,3 млн теңге айыппұл салынды. Жиын соңында Оңдасын Оразалин аудан әкімдеріне дайындық жұмыстарын жандандырып, тұмауға қарсы вакцина егу керектігі туралы еске салды. Біздің каналымызға жазылыңыз: