Брифинг

Соңғы кезде әлеуметтік желіде медицина қызметкерлерінің дер кезінде еңбекақыларын ала алмай жүргені туралы арыз-шағымдар жарияланды. Осыған орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Данияров пен «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» комерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Батырбек Нұрғалиев әлеуметтік желі арқылы аймақтағы жағдайды баяндады.
— Індет кезінде облыста ірі ауруханаларда правизорлық стационарлар ұйымдастырылды. Медицина қызметкерлері вирустық пневмония және коронавируспен күреске жұмылдырылды. Оларға негізгі жалақысынан бөлек, өмірлерін қауіпке тігіп жұмыс жасағаны үшін үстемеақы беру қарастырылды. Әрине пандемияның бұлай болатынын ешкім күткен жоқ. Бұл жоспардан бөлек үлкен қаржы жұмсалатынын көрсетті. Оның үстіне провизорлық стационарларда жұмыс жасағандардың негізгі жұмыс орнындағы еңбекақылары да сақталды. Осыған орай қордың медициналық қызметке төленетін тарифтерді қайта қарауына байланысты, соңғы айларда жалақы дер кезінде берілмеді. Бүгінгі күні маусым, шілде айының еңбекақылары төленіп болды. Бірер күннің ішінде тамыз айының еңбекақысы толық төленеді. Бұл бірнеше ауруханаға қатысты. Жалпы осындай жағдайды басынан кешіріп отырған — Ақтөбе медициналық орталығындағы ересектер және балалар клиникасы. Бұлардағы мамандар бір-екі күнде тамыз айының айлығын алады. Ал облыстық фтизопульмонология орталығында бұндай мәселе жоқ, — деді Самат Данияров.
Ал Батырбек Нұрғалиевтің айтуынша, наурыз, шілде айларының аралығында облыстағы коонавируспен күрес жүргізетін медицина қызметкерлерінің жалақыларына қосымша үстемеақы ретінде 2 275205077 теңге төленген. Оның ішінде бірінші тәуекел тобына жататындарға — 420 387 795 теңге, екінші тәуекел тобына  — 1 390 741495, үшінші тәуекел тобына енгендерге 464 075 786 теңге төленген. Филиал директоры еңбекақының кешігуі қаржыны қайта есептеуге байланысты екенін, тағы да қосымша қаржы қарастырылып жатқанын айтты. Әлеуметтік желіде тұрғындар сұрақтар қойды. Барлық сұраққа жауап берілді.