Вирустың қауіпі әлі де сейілген жоқ, арқаны кеңге салуға болмайды.

18 тамыз күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен  аппараттық отырыс  өтті.Облыс әкімінің орынбасарлары, департамент, басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдері қатысқан жиында  өңірдегі санэпидемиологиялық жағдай, ғарыштық мониторинг  анықтаған заңсыз орналасқан қалдықтар туралы сөз болды. Облыс әкімінің бірінші  орынбасары  Нұржауған Қалауов қабылданған шаралардың арқасында аурушаңдық санының   төмендегенін жеткізді.  Ақтөбе облысында пациенттердің  92 %-ы емделіп шыққан.  Тамыз айының  басынан бері төсек-орын саны 78% - дан 17,9% - ға дейін азайған. Провизорларда 1679 төсек-орын резервке ауыстырылды. Жедел жәрдем қызметіне күніге түсетін қоңыраулар               2 600-ден 700-ге дейін төмендеді. Ай басында күніге 160-қа жуық науқас стационарға жеткізілсе, қазір 10 адамға дейін төмендеді. Стационарлар мен провизорларда дәрі-дәрмек қоры жасақталған.«Көпшілікті толғандырып жүрген    Covid-19 вирустың  екінші толқыны  орын алған  жағдайда жан-жақты  дайындықтар  жүргізілуде .  Дәріхана желілерін 2 айға жететін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, бағаларды  10% - дан асырмау жөнінде жұмыстар  жасалды. Негізгі мақсат  ауруды болдырмау, оның  алдын алу.  Қауіп әлі де сейілген жоқ, арқаны кеңге салуға болмайды, тұрғындар сақтық шараларын ұстануы үшін  ақпараттық, түсіндірме жұмыстарды  күшейту керек»,-деді аймақ басшысы.Қазіргі уақытта облыста 367 дәріхана және  12 қойма жұмыс жасайды. Карантин режимін сақтамау бойынша 680 құқық бұзушылық анықталып, 363 тұлғаға 41,6 млн теңгеге жуық айыппұл салынған.