Аппараттық отырыс

4 тамыз, сейсенбі  күні Ақтөбе облысының  әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен аппараттық отырыс өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, департамент, басқарма басшылары, видеоконференция арқылы қала, аудан әкімдері қатысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов аймақтағы эпидемиологиялық жағдайдың көрсеткішіне тоқталды. Әйтеке би, Темір аудандарында жақында ветеринарлық лабораториялар базасында зертхана ашылады. Ауруға шалдығушылардың саны төмендеген. Төсек-орын саны 78% - дан 33,4% - ға дейін төмендеп, провизорларда 575 орын жабылды, 1 335 төсек-орын резервке ауыстырылған.  Жедел жәрдем қызметіне түсетін қоңыраулар 2 600-ден 700-ге дейін төмендеді. Күн сайын 160-қа жуық науқас стационарға жеткізілсе, қазір олардың саны 20 адамға дейін төмендеді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары жүргізілген талдау, тиісті департаменттермен түсіндіру жұмыстарының соңғы уақытта жүргізілмейтіндігін, тек ақпарат  берумен шектеліп отырғандығын атап өтті. Облыс әкімі аталған  бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет екенін айтты. «Науқастар санының  азайғандығын айтып арқаны кеңге салуға болмайды. Күзде екінші толқын бола қалған жағдайда  дайын болуымыз керек. Тұрғындардың сақтық шараларына деген жауапкершіліктерін арттыру  қажет. Көшелерде бетпердесіз жүргендер көп, сондай-ақ, қажетті қаражат бөлінгендігіне қарамастан  соңғы кездері залалсыздандырудың жүргізіліп жатқандығын мүлде кездестірмейтін болдық. Науқандық жұмысқа ұқсатпай үздіксіз жүргізуді жалғастырыңдар »,-деді  Оңдасын Оразалин.
Облыс әкімі Полиция депараментінің бірінші орынбасары Қанат Әлиевке түнгі уақыттарда қадағалауды күшейтіп, тәртіпсіздіктерді болдырмауды, заң бұзушылықтардың алдын-алуды тапсырды.