Егемен еліміздің тұғыры қашан да тілімен биік!

Егемен еліміздің тұғыры қашан да тілімен биік!
Халқымыз «Туған тілім – тұғырым» деп бекер айтпаған. Өз ана тіліңді сүю, білу басқа тілдерді меңгеруге ешқандай бөгет болмайды, қайта адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуге басты себепкер де осы ана тіліміз. Ана тілінің бүге-шүгесіне, терең иірімдеріне бойлай білу – саналы азамат болғысы келетін жастарымыздың басты парызы.
Елбасымыздың 2018 жылғы Жолдауында 2019 жыл – «Жастар жылы» деп жарияланғаны да белгілі.
Осы мақсатта 2019 жылдың 27 ақпанында қалалық мәдениет үйінде «Ақтөбе қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ мен Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» Ақтөбе қалалық ұйымының ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласындағы мемлекеттік мекемелерде қызмет жасайтын ақынжанды жастарды «Ана тілім – тұғырым!» байқауы өткізілді. Байқауға 30 қала мекемелерінің және Хромтау, Қобда, Шалқар аудандарынан жастар қатысты. Бас жүлдені – Ақтөбе телеарнасының журналисі Перизат Жаңғылышбаева, жүлделі бірінші орынды - Әкімалі Айнадин Саматұлы, 12.02.2001 ж.т., аяқталмаған орта-арнаулы білімді, Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжінің 1-курс студенті алды. Екінші орынды – Исақаев Жаслан шығармашылық академиясының сөз – өнер мұғалімі, ал үшінші орынды – Тұңғатарова Гүлжанат – Қарғалы қалалық ауруханасының медбикесі мен №56 қалалық жалпы білім беру мектебінің мұғалімі Сарин Есет бөлісті. Бұдан басқа қатысушыларға ең жас ақындарға арналған жүлделер және 5 ынталандыру жүлделері берілді. Байқаудың әділқазылары құрамында- Қала әкімінің орынбасары – Айдарханова Күлпаршын Алпысбайқызы, Мейірхан Ақдәулетұлы – ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Ертай Ахатұлы Ашықбаев – ақын, Қабақбаев Жанғабыл – Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» Ақтөбе облыстық ұйымының төрағасының орынбасары, Ниетжан Беріков - ардагер, Ақтөбе облысы мен қаласының құрметті азаматы, профессор, Кенжебаев Данағали Кенжебайұлы – білім саласының ардагері, Нұқы Қартбайұлы – ардагер журналист, Ақтөбе облысының құрметті азаматы, тіл жанашыры, Құлбатыр Айша Мұхамбетқазықызы – қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі бар жюри байқаудың жоғары деңгейде өтуіне сүбелі үлестерін қосты.
Байқауды өткізудегі мақсат – ел ертеңінің тұтқасын ұстар жастардың бойында Отансүйгіштік, патриоттық, азаматтық сезімдерді қалыптастыру, мемлекеттік жастар саясатын насихаттау болатын. Бұл мақсат аз да болса орындалған сияқты!
Жас ақындар өз шығармаларында осы тақырыптағы өлеңдерін оқып көпшілікке уытты, ұшқыр ойлар тастады. Тыңдаушыларды, жанкүйерлерді бей – жай қалдырмады. Қалалық мәдениет үйіне тола жиналған қала тұрғындары мен жанкүйерлер жастар өздерінің бірлігін, ауызбіршілігін, Ана тілімізге деген сүйіспеншілігін, сүйікті қаламыз – Құтты мекен Ақтөбеге деген махаббатын бөлісіп, үлкен бір серпіліс, толғаныс үстінде қуанышпен тарқады.