Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі.

КазақстанЕлімізде 1 қаңтардан бастап ҚР нормативтік құқықтық актілеріндегі салық салу мәселелері жөніндегі түзетулер күшіне енді, сәйкесінше міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мерзімі 2018 жылдан 2020 жылға ауыстырылды.
МӘМС жүйесіне жеке тұлғалардың (жалдамалы жұмыскерлер, өзін-өзі қамтушылар, оның ішінде жеке кәсіпкерлер, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттағы тұлғалар) жарна төлеу мерзімі 2020 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылды.
- Осы уақыт аралығында халықтың өзін-өзі өнімсіз қамтамасыз ететін санатын рәсімдеу және оларды ел экономикасына, сәйкесінше МӘМС жүйесіне тарту жұмыстары жүргізілетін болады. 2020 жылдан бастап осы санаттағы тұлғалар үшін МӘМС жүйесіне төленетін жарна мөлшері төмендейді. Азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт бойынша табыс алатын жеке тұлғалардың жарна мөлшері (жарна есептеу объектісінен) 2020 жылы 1 %-ті, ал 2021 жылдан бастап 2%-ті құрайды.
Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер 2018-2019 жылдары жеке кәсіпкерлер ретінде өзі үшін жарна төлемейді. Бірақ жұмыс беруші ретінде қарамағындағы жұмыскерлерінің атына жарна аударуды тоқтатпайды, жарна мөлшері 2018-2019 жылдары - 1,5%-ті, 2020 жылдан бастап 2%-ті құрайды.
2017 жылдың 1 шілдесінен бастап ай сайынғы жарна аударуды бастаған жұмыс берушілер сақтандыру кейінге қалдырылғанына қарамастан, өз қызметкерлері үшін өткен жылдың желтоқсан айындағы төлемдерін 2018 жылғы қаңтарда аяқтауы тиіс. Атап айтқанда, жалпы тәртіп бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер 2017 жылдың желтоқсан айы үшін төленетін соңғы жарнаны 2018 жылдың қаңтарында аударулары қажет. Жеңілдетілген декларация бойынша арнайы салық жүйесіндегі жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер 2017 жылдың шілде-желтоқсан айлары үшін жарна аударады. Яғни, соңғы сома 2018 жылдың 25 ақпанынан кешіктерілмей төленеді.
Жұмыс берушілер үшін жарна төлеу тәртібі өзгерген жоқ, олар 2018-2019 жылдары - 1,5%, 2020 жылдан бастап 2% мөлшерінде жарна төлейді.
- Жеңілдігі бар санаттар үшін жарнаны мемлекет төлейді, оның мөлшері 2020 жылы мемлекеттік статистика органы тарапынан өткен екі жылға бекітілген орташа айлық жалақының 4%-ін құрайды. Аталған санаттарға жатпайтын тұлғалар 2020 жылдан бастап ең төменгі жалақының 5 %-і көлемінде жарна аударады.
2018 жылдың 1 қаңтарынан Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің операторы және медициналық қызметтер үшін бірыңғай ақы төлеуші болып есептеледі. 2020 жылға дейін медициналық қызметтерді жоспарлау, сатып алу, сапасын бақылау және ақы төлеу тетіктерін жасау, сондай-ақ төлемдік ақпараттық жүйе жұмысын жолға қою, жаңа тарифтік саясатты енгізу тетіктері жүйеленетін болады. Аталған шаралар МӘМС шарттары бойынша Қордың 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істеуге толық дайын болуын қамтамасыз етеді.
Мемлекет тарапынан сақтандырылатын жеңілдігі бар санаттар
1) балалар;
2) жұмыссыз ретінде ресми тіркелген адамдар;
3) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
4) үш жасқа толмаған бала (балалар) тәрбиесімен аналысатын жұмыс істемейтін азаматтар;
5) бала (балалар) туу немесе жаңа туған сәбиді (сәбилерді) асырап алуға байланысты, баласы (балалары) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыс алған адамдар;
6) мүгедек бала күтімімен айналысатын жұмыс істемейтін азаматтар;
7) зейнеткерлер, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;
8) сот үкімі бойынша қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар;
9) тергеу изоляторларында отырғандар;
10) жұмыс істемейтін оралмандар;
11) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен немесе бұрын «Батыр ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар;
12) мүгедектер;
13) орта, кәсіптік-техникалық, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында іштей оқып жатқан тұлғалар;
14) орта, кәсіптік-техникалық, орта білімнен кейінгі жоғарғы білім беру, сондай-ақ, жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын іштей оқып бітіргендер, оқуды бітіргеннен кейін күнтізбе бойынша үш айға дейін.
Не істеуіміз қажет?
1) e-gov.kz порталы немесе Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы өз мәртебеңізді тексеріңіз;
2) Егер өзіңізді жеңілдігі бар азаматтар тізімінен таппасаңыз, онда растайтын құжаттардың қажетті тізбесін Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыру қажет;
3) Әрі қарай бұл мәліметтер Сіздің жеңілдігі бар азаматтар тізіміне енгізілгеніңізді растау үшін мемлекеттік органдарға жөнелтіледі. Егер бәрі дұрыс болса Сіз үшін жарнаны мемлекет төлейді.
Нені білуіміз қажет?
1) Егер Сіз жеңілдігі бар азаматтар тізімінде болсаңыз МӘМС шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерді 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана аласыз;
2) Сіз емхана мен салалық мамандарды өз еркіңізбен таңдай аласыз. Емхананы қалай таңдайды?
Мәмс пакетіне кіретін қызмет түрлері:
1) емханалық-амбулаторлық көмек (әлеуметтік мәні бар аурулар мен өкілетті орган тарапынан бекітілген тізімдегі айналасына қауіп төндіретін сырқаттарға шалдыққандарға көрсетілетін медициналық көмекті қоспағанда):
· алғашқы медициналық-санитарлық көмек;
· алғашқы медициналық-санитарлық көмек маманының және салалық мамандардың жолдамасы бойынша консультациялық-диагностикалық көмек;
2) дәрігердің рецептісі бойынша амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;
3) стационарлық көмек (әлеуметтік мәні бар аурулар мен өкілетті орган тарапынан бекітілген тізімдегі айналасына қауіп төндіретін сырқаттарға шалдыққандарға көрсетілетін медициналық көмекті қоспағанда):
· жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу саны шеңберінде, алғашқы медициналық-санитарлық көмек маманының немесе өзге медициналық ұйымның жолдамасы бойынша көрсетілетін жоспарлы стационарлық көмек; бұған жоғары технологиялы медициналық қызметтер де кіреді;
· шұғыл көрсетілімдер бойынша – алғашқы медициналық-санитарлық көмек маманының немесе өзге медицина ұйымының жолдамасы бар-жоғына қарамастан;
4) алғашқы медициналық-санитарлық көмек маманының немесе өзге медицина ұйымының жолдамасы бойынша – стационарды алмастыратын көмек (әлеуметтік мәні бар аурулар мен өкілетті орган бекіткен тізімдегі айналасына қауіп төндіретін сырқаттарға шалдыққандарға көрсетілетін медициналық көмекті қоспағанда).
НЕ ӨЗГЕРМЕЙДІ?
Мемлекет тегін медициналық көмектің мынадай түрлеріне кепілдік береді:
1) жедел медициналық жәрдем және санитариялық авиация;
2) әлеуметтік мәні бар аурулар мен өкілетті орган тарапынан бекітілген тізімдегі айналасына қауіп төндіретін сырқаттарға шалдыққандарға, сондай-ақ, Қазақстан республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңы бойынша МӘМС жүйесінде медициналық көмек алуға құқығы жоқ тұлғаларға көрсетілетін емханалық-амбулаторлық көмек. Оған мыналар кіреді:
· алғашқы медициналық-санитарлық көмек маманының және салалық дәрігердің жолдамасы бойынша көрсетілетін консультациялық-диагностикалық көмек;
· әлеуметтік мәні бар аурулар мен өкілетті орган тарапынан бекітілген тізімдегі айналасына қауіп төндіретін сырқаттарға шалдыққандарға көрсетілетін жоспарлы стационарлық көмек – жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу саны шеңберінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек маманының немесе өзге медициналық ұйымның жолдамасы бойынша;
· жолдаманың бар-жоқтығына қарамастан – шұғыл көрсетілімдер бойынша;
4) алғашқы медициналық-санитарлық көмек маманының немесе өзге медициналық ұйымның жолдамасы бойынша, әлеуметтік мәні бар аурулар мен өкілетті орган тарапынан бекітілген тізімдегі айналасына қауіп төндіретін сырқаттар кезінде стационарды алмастыратын көмек;
5) профилактикалық екпелер.
Шалқар аудандық орталық ауруханасы
бас дәрігері А.М Есмағамбетов