ҚР Президенті Жолдауының іске асырылуы

«Мемлекеттiк құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы»
Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының Президентi лауазымына кiрiсу рәсiмiнде сөйлеген сөзiнде алдағы уақытта «Мемлекеттiк құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы» атты Ұлт Жоспарын ұсынатынын айтқан болатын. Ұлт жоспары — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөнiндегi 100 нақты қадам.
«Индустрияландыру және экономикалық өсiм» реформасында денсаулық сақтау саласына да басты назар аударылған. 80-қадамда атап көрсетiлген: Мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыруды енгiзу. Мемлекет, жұмыс берушi және азаматтың ынтымақтасқан жауапкершiлiгi қағидаты негiзiнде денсаулық сақтау жүйесiнiң қаржылық орнықтылығын күшейту.
Бастапқы медициналық-санитарлық көмектi (БМСК) дамыту басымдық бағыт болып табылады. Бiзге, №1 қалалық емхана қызметкерлерiне жақын бағыт — осы.
Жыл сайын емхананың материалдық-техникалық базасы жақсаруда, қазiргi заманғы медициналық құралдар сатып алынды. Мысалы: 2014 жылы жаңа цифрлы рентген-аппарат және флюорограф, 2015 жылы — авторефкератометр, сараптық класты УД сканер сатып алынды. Ғимаратта жөндеу жұмыстары, тiркеу орнын модернизациялау жұмыстары жүргiзiлуде. Емханада аурулардың алдын алу, ерте диагностикалау және уақытылы емдеу үшiн емханаға тiркелген халықтың мақсатты топтары скринингктiк тексеруден, жұмыс берушiмен жасалған келiсiмшартқа сәйкес кәсiпорындардың қызметкерлерi профилактикалық медициналық тексерiп-қараудан өткiзiледi. Отбасылық медицинаны дамыту қолға алынды, жалпы практика дәрiгерлерi саны артуда.
Ұлт жоспарының 82-қадамы аясында көрсетiлетiн медициналық қызметтiң озық стандарттары енгiзiлуде. Сенiм телефоны бар Пациенттердi қолдау және iшкi аудит қызметi құрылды. Аталған қызмет жұмысы арқылы «осы жерде және қазiр» қағидаты бойынша пациенттерге көптеген проблемаларын шешу мүмкiндiгi туындап отыр. Медициналық персонал бекiтiлген Диагностика және емдеу хаттамалары, Операциялық рәсiмдер стандарттары бойынша жұмыс iстейдi. Медицина қызметкерлерiнiң үнемi кәсiби бiлiктiлiгiн көтеруге, қажеттi мамандығы бойынша дайындықтан және қайта даярлықтан тегiн өту мүмкiндiктерi бар. Бұған мемлекеттен арнайы қаржы бөлiнедi.
Ұлттың дамыған мемлекеттердiң 30-дығына кiру үшiн алда көп жұмысты тындыруымыз керек. «Ұлт жоспары — 100 нақты қадам» бiздiң мемлекетiмiздiң дамуы үшiн үлкен серпiн беретiн стратегиялық құжат.