БЕКҚҰЛ БАБА АУЫЛЫНДА ДƏРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯ АШЫЛДЫ

18 мамыр, жұма күні Ақтөбе қаласынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Бекқұл баба ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория салтанатты түрде ашылды.
Медициналық мекеме Бекқұл баба, Белагорка, Өлке және Белогорский карьер елді мекендерінің тұрғындарына, яғни 2 мыңнан аса адамға қызмет көрсететін болады.
Ауыл тұрғындарын қуанышты жаңалықтарымен облыс әкімі құттықтады. Ол барлық стандарттарға сай жарақтанған амбулаторияның мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынғанын атап өтті. - Былтырдан бастап мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында облыс бойынша денсаулық сақтау саласының құны 10 миллиард теңге тұратын 26 нысанының құрылысы басталса, оның 21-і ауылдық жерлерде. Мемлекеттің қолданып жатқан шараларының арқасында халықтың денсаулығы жыл сайын жақсарып келеді. Осы жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша облыста туу көрсеткіші 3% өсіп, өлім-жітім 3% төмендеген. Облыс бойынша өмір сүрудің орташа ұзақтығы 72,8 жасқа дейін жетті.  Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту мен денсаулық сақтау саласын дамыту жұмыстары жалғасатын болады, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Бекқұл баба ауылындағы дәрігерлік амбулатория күн сайын елу адамды қабылдауға есептелген. Амбулаториялық-емханалық көмекті жалпы тәжірибелі дәрігер, акушер-гинеколог дәрігер, акушер мен кіші медицина қызметкері көрсететін болады. Үш кереуетке арналған күндізгі стационар бар. Жоба құны – 73 миллиона теңге.