ТҮРКИЯЛЫҚ ПРОФЕССОРЛАР ОТА ЖАСАДЫ

«Бақытты бала» жобасы аясында Ақтөбе медициналық орталығында Түркиядан келген профессорлар маммология және пластикалық хирургия бағыты бойынша шеберлік класын өткізді.
Анкара қаласындағы Башкент университеті медициналық орталығының профессоры, онкохирург, трансплантолог, маммолог дәрігері Седат Илдирим мен професссор, пластикалық хирург Ахмет Чагри Уйсал ақтөбелік дәрігерлерге жаңа технологиямен жұмыс істеу тәсілін үйретіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Екі күн бойы дәрігерлер қала тұрғындарын қабылдады. Сүт безі ауруы және түрлі косметикалық ақаулары бар тұрғындарды, оның ішінде балаларды қарап, кеңес берді. Алғашқы күні жиырма адам кеңес алды. Төменгі жақ сүйегінің косметикалық және функционалдық кемістігі бар және туа бітті буын патологиясына шалдыққан науқасқа екі кезеңнен тұратын операцияны тегін жасады. Сондай-ақ тағы бір 16 жастағы науқастың сүт безіне ота жасалды.
Бұндай шеберлік класын алдағы уақытта тағы да өткізу жоспарда бар. Сондай-ақ Анкарадағы клиникада ақтөбелік дәрігерлерге маммология мен пластикалық хирургияның заманауий проблемалары бойынша оқыту да жоспарланып отыр.
Сонымен қатар күрделі паталогиясы бар бірнеше балаға Башкент университетінің базасында операция жасалады. Барлық шығынды университет көтереді.
Кәмшат ҚОПАЕВА.