Қанымызға жат аурудан сақ болайық!

Қанымызға жат аурудан сақ болайық!
Сіздің қаныңызда АИТВ жұқпасы бары анықталды. Сіздің диспансерлік есепке тұруыңыз керек. Сізбен жақын қатынаста болған адамдар АИТВ-ға тексерілу керек. Сіздің, Сіздің, Сізбен ..... Не деген түсініксіз көп сұрақтар. Не болды өзі?
Бұл – көбіне АИТВ індетіне шалдыққан адамдардың дәрігер диагнозын айтқан кезде басынан кешетін жағдайы.
Қалайша? Мен енді тұрмыс құра аламын ба? Мен өмірге сау бала әкеле аламын ба? Жұмысымнан (оқуымнан) қуылмаймын ба??? Бұлар - өз кезегінде ауру жұқтырған адамның дәрігерге қоятын көп сұрақтарының бірнешеуі.
Көбіне ВИЧ/СПИД деген атпен таныс аурудың қазақша атауы АИТВ
(адамның қорғаныш тапшылығының вирусы) және ЖИТС (жұқтырылған қорғаныш тапшылығының сипндромы). АИТВ жұқтырған адамның қорғаныш жүйесі зақымдалады. Олар бірнеше жылға дейін өзінің ауырғанын сезбей, сау адамша жүруі мүмкін, дегенмен осы ауруды жұқтырған сәттен бастап ол ауруды басқа адамға жұқтыра алады. Ауруы асқына келе АИТВ жұқтырған адамның жағдайы ЖИТС-қа ұласады.
Көптеген жыныстық қатынас арқылы берілетін аурулар секілді, АИТВ инфекциясы да мінез құлыққа байланысты ауру.
АИТВ қалай жұғады?
1. Қан арқылы (қанға АИТВ қажетті мөлшерде түскенде):
- басқа біреудің қолдануында болған шприцті, инені, басқа да медициналық құралдарды залалсыздандырмай қолданғанда;
- құлақ тестіруге, теріге сурет салуға (татуировка) залалсыздандырылмаған құралдарды бірлесіп қолданғанда;
-АИТВ жұқтырған адаммен бірге қырыну құралдарын ортақ қолданғанда;
2. Жыныстық қатынас арқылы (жыныстық қатынасқа мүшеқапсыз (презервативсіз) түскенде): ер адамның ұрығы арқылы және әйел адамның жыныс жолдарынан бөлінетін сұйықтық арқылы беріледі.
3. АИТВ жұқтырған анадан балаға: екіқабат кезінде, босану сәтінде, емізгенде беріледі.
АИТВ жұқтырған немесе жұқтырмағанды қалай білуге болады?
АИТВ-ның бар-жоғын анықтайтын жалғыз әдіс – қанды лабораторияда тексеру, яғни жұқтырған сәттен шамамен 3-6 ай өткен соң лабораториялық зерттеуден өту. Қанында АИТВ-ға қарсы денелер (антитела) табылғаны арқылы біледі. Қарсы денелер дегеніміз – бұл қанға вирус түскеннен кейін жауап ретінде пайда болатын белоктар.
Егер Сіздің өміріңізде жұқтыруға алып келетін жағдайлар орын алған болса тез арада АИТВ бар-жоғына тексерілуден өту керектігін есіңізге саламыз. Бүгінгі күні дәрілік препараттар тағайындау арқасында АИТВ жұқпасы міндетті түрде өлімге алып келетін аурулар санағына жатпайтын болды. Ауруын дер кезінде анықтаған әрбір адамның дәрігер бақылауында тұрып, тиісті емін алып қоғамның белсенді мүшесі болуына мол мүмкіндігі бар.
Кеңес алуға және тексерілуге қайда баруға болады:
Ақтөбе қаласы, Жамбыл көшесі, 4 үй. Облыстық ЖИТС орталығы
Байланыс телефондары: 22-24-32, 22-12-74, 21-01-78
немесе жергілікті мекен жайдағы емханада. Тексерілу Қазақстан азаматтары үшін тегін, құпиялық сақталады.
Облыстық ЖИТС орталығы
бас дәрігерінің орынбасары Айбарша Махмутқызы Туребаева